Нұрбанк басшысы: Басқа банкпен бірігу мәселесі көтерілген жоқ

Нұрбанк басшысы: Басқа банкпен бірігу мәселесі көтерілген жоқ

17.02.2021

Kapital.kz тілшісімен сұхбатында Елдар Сәрсенов қаржы мекемесі неге өз филиалдарын жаппайтынын да айтты.

Нұрбанктің басқа банкпен бірігу мәселесі көтерілген жоқ. Бұл туралы Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісіне Нұрбанк басқарма төрағасы Елдар Сәрсенов айтты.

- Елдар Рашитович, қазіргі кезде банктік секторда бірігу үрдісі байқалады. Сіз қандай да бір банкпен бірігуді жоспарлап отырсыз ба?

- Бірігу мәселесі көтерілген жоқ. Акционерлер Нұрбанкті сату немесе басқа банкті сатып алу мәселесін қарастырып жатқан жоқ. Бізге басқа қаржы мекемелерінен мұндай ұсыныстар түскен жоқ.

- Қазіргі кезде көптеген банктер онлайнға көшуде, әсіресе бұл үрдіс пандемия кезеңінде анық байқалды. Қаржы қызметтерінің көпшілігі қашықтықтан қолжетімді болғанын ескере отырып, сіздер болашақта өз филиалдарыңызды қысқартуды жоспарлап отырсыз ба?

- 1990 жылдары несиелік, дебеттік карталар енгізілгенде қолма-қол ақшаның жойылуы мүмкін деген болжамдар болды. Бірақ Қазақстанда қолма-қол емес төлемдердің көлемі біртіндеп өсіп келе жатқанымен, бұл орын алған жоқ. Жақын арада интернет-банкинг филиалдарды алмастырмайды деп ойлаймын. 

Біз өз филиалдарымызды қысқартуды жоспарламаймыз, өйткені олар тиімді жұмыс істеп жатыр. Біздің банкте бұл тиімділік KPI коэффициентімен өлшенеді. Ол филиалдардың әкімшілік шығыстарын комиссиялық табыстарының қаншалықты өтеп жатқанын көрсетеді. Біздің барлық филиалдарымыз бойынша KPI коэффициенті орта есеппен 150-170% құрайды. Яғни әр филиалдың 1 теңге әкімшілік шығындарына 1,5-1,7 теңге комиссиялық табыс келеді. Бұл сандар біздің филиалдарымыздың тиімді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Бірақ пандемия басылғаннан кейін біз Қазақстанда өз филиалдарымызды біртіндеп ашуды бастаймыз.

- Мысалы, Алматыда бір филиал ашуға сізге қанша қаражат қажет?

- Орташа есеппен 7-10 миллион теңге.

- Бұл инвестициялар қаншалықты тез өзін ақтайды?

- Өте тез. Мұндай нүктені іске қосуға жасалған инвестициялар орта есеппен бір жылда өз-өзін ақтайды.

- 2020 жылдың 16 желтоқсанынан бастап шетелдік банктер Қазақстан аумағында филиалдарын аша алады. Мұны «бір өтінім» қағидаты бойынша жасауға болады. Сіздерге қай елдерден шетелдік ойыншылар кіруі мүмкін деп ойлайсыз?

- Егер елімізге шетелдік банктер кірсе, бұл, ең алдымен, ТМД елдерінен, жақын шетелдерден келетін қаржы институттары болмақ. Бәлкім, біздің нарық Қытай немесе Түркия инвесторларын қызықтыруы мүмкін. Алыс шетел инвесторлары үшін біздің банктік нарық соншалықты қызық емес. Оның үстіне, мұндай құбылмалы уақытта филиалдар мен өкілдіктер ашу ақылға сыймайды. Егер шетелдік банктер біздің елімізде филиал ашатын болса, бұл Қазақстанның банктік нарығына жағымды әсер етеді.

- Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы банктік бизнестің қай бағыты сіздердің шетелдік әріптестеріңізді қызықтырады? 

- Әлеуметтік несие беру немесе ШОБ кредит беру бағыттары, ең алдымен, қызықтыруы мүмкін. Осыдан банктер де, олардың клиенттері де пайда көреді. Қаржы институттары өздерінің технологияларын, қызметтерін, бизнес процестерін жетілдіруге ұмтылады. Клиенттер банктер арасындағы бәсекелестіктің арқасында қаржылық өнімдердің кең ауқымын қолайлы бағамен алады. 

Источник: Капитал
12.02.2021