Нурбанк бизнеске цифрлық активтермен жұмыс істеуге қалай көмектеседі

Нурбанк бизнеске цифрлық активтермен жұмыс істеуге қалай көмектеседі

Цифрлық активтер мен блокчейн технологияларына жаһандық қызығушылық аясында Қазақстан аймақтық криптохаб ретіндегі позициясын нығайтуға ұмтылуда. Практикалық қадамдардың бірі ретінде Нурбанк пен ATAIX Eurasia криптобиржасы әріптестік орнатып, заңды тұлғаларға фиат баланстан қаражатты жедел әрі ашық шығаруға мүмкіндік беретін сервисті іске қосты. Жоба туралы толығырақ — «Нурбанк» АҚ басқарма төрайымы Гүлнара Мусатаевамен сұхбатта.

«Банктер клиенттер мен биржалар арасындағы делдалға айналды»

 

— Қазақстанда криптоиндустрияны реттеу жүйесі бар ма?

 

— Қазақстанда цифрлық активтерге қатысты тұрақты нормативтік-құқықтық база жұмыс істейді. Маңызды кезең — 2023 жылы «Цифрлық активтер туралы» заңның қабылдануы. Бұдан бөлек, 2024 жылдың қаңтарынан бастап криптобиржалар мен екінші деңгейлі банктердің өзара әрекеттесу тетіктерін реттейтін АХҚО қағидалары күшіне енді. Осының бәрі банктер, биржалар және нарық қатысушылары бір құқықтық алаңда әрекет ететін ашық, реттелетін экожүйені құруға мүмкіндік берді.

— Банктердің бұл жаңа цифрлық экожүйедегі рөлі қандай?

 

— Банктер корпоративтік клиенттер мен криптобиржалардың арасында маңызды делдал рөлін атқарады. Құқықтық база қалыптасқаннан кейін біз криптоиндустрия ерекшеліктерін ескеретін өнімдер әзірлей алдық. АХҚО 2022 жылы іске қосқан пилоттық жоба катализатор болды — ол банктерге криптобиржаларға шот ашуға және барлық комплаенс талаптарын сақтай отырып нақты бизнес-кейстерді сынақтан өткізуге мүмкіндік берді.

 

— Нурбанктің пилоттық жобадағы тәжірибесі туралы толығырақ айтып беріңізші.

 

— Біз жобаға 2022 жылғы қыркүйекте қосылдық. ATAIX Eurasia-ны қоса алғанда, бірнеше криптобиржамен бірлесе отырып, деп аталатын крипто–фиат арнасын құрдық. Биржа клиенттерімен екіжақты есеп айырысуды жүргіземіз, транзакцияларды заңнама талаптарына, оның ішінде AML/CFT, валюталық реттеу және АХҚО регламенттеріне сәйкес тексереміз. Нәтижесінде біз практикалық тәжірибе жинадық.

«Заңды тұлғалар үшін фиат баланстан қаражат шығарудың алғашқы сервисін іске қостық»

 

— Пилоттық жобадан кейін ATAIX криптобиржасымен ынтымақтастықты жалғастырып жатырсыздар ма?

 

— Иә, одан бөлек, жақында заңды тұлғалар үшін фиат баланстан қаражат шығару сервисін іске қостық, айта кетейін, Қазақстан нарығында алғаш болып.

 

— Технологиялық тұрғыдан сервистің бірегейлігі неде?

 

— Үдеріс үздіксіз. Криптобиржа клиенті өтінім береді — және «биржа–банк» байланысындағы автоматтандырылған жүйе оны өңдейді. Сервис API-интеграция негізінде құрылған. Бұл — жаңа буын цифрлық банкингі: жылдам, ашық, қауіпсіз.

 

— Осы сервис туралы толығырақ айтып берсеңіз?

 

— Сервис фиат баланстан қаражат шығару кезіндегі есеп айырысу үдерісін криптобиржа жағында да, банк жағында да толық автоматтандыруға мүмкіндік береді. Біздің ойымызша, әзірленген тетік әсіресе цифрлық майнерлер үшін қызықты. Себебі «Цифрлық активтер туралы» заңға сәйкес осы жылдың басынан бастап олар өндірілген цифрлық активтердің кемінде 75%–ын АХҚО криптобиржаларында сатуға міндетті.

Сервистің көмегімен банк криптобиржа мен заңды тұлға арасындағы есеп айырысуды криптобиржадан өтінімді автоматты қабылдау және ішкібанктік процестерді автоматтандыру есебінен жедел жүргізеді. Егер заңды тұлғаның біздің банкте шоты ашық болса, криптобиржадан сұрау түскен сәттен бастап бірнеше минут ішінде есеп айырысу жүзеге асады. Сондықтан заңды тұлғаларды Нурбанкке қызмет көрсетуге шақырамыз.

 

— Банк бұл бағытта әрі қарай қалай дамуды жоспарлап отыр?

 

— Біз криптоиндустрияны стратегиялық маңызды бағыт ретінде қарастырамыз. Цифрлық шешімдерге сұраныс өсіп келеді, ал біздің міндет — клиенттерге заманауи, сенімді және реттелетін қаржы құралдарын ұсыну. ATAIX Eurasia-мен бірлескен сервистің іске қосылуы — тек бастамасы. 

 

Қазіргі уақытта криптобиржалармен бірлесіп, цифрлық активтермен жұмыс істейтін клиенттерге пайдалы бірнеше сервисті пысықтап жатырмыз. Іске қосу туралы жақын уақытта хабарлаймыз.

«Биыл цифрлық теңгені пайдалану бойынша пилоттық жобаға қатысамыз»

 

— Алдағы жылдары Қазақстанның қаржы ландшафында цифрлық теңгенің рөлін қалай бағалайсыз?

 

— Цифрлық теңге — бұл ұлттық валютаның қолма-қол және қолма-қол емес қаражатпен қатар үшінші формасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі тарапынан токендер немесе цифрлық жазбалар түрінде шығарылады.

Нурбанк техникалық жұмыстарды аяқтап, Қазақстан Ұлттық банкінің цифрлық теңгені пайдалану жөніндегі пилоттық жобасына қосылуға дайындалып жатыр. 2025 жылғы маусымның соңына дейін бюджет қаражатының жұмсалуын таңбалау үшін цифрлық теңгені қолдану жөніндегі пилоттық жобаға қатысамыз. Клиенттер цифрлық теңгемен жұмыс істей алады, бұл қаражатты конвертациялап және аудара алады. 

Келесі кезең — цифрлық теңгені пайдалана отырып бюджеттен ҚҚС-ты жедел қайтару жобасына біздің банктің қатысуы (процесс 55 және 75 күннің орнына 15 жұмыс күні ішінде мүмкін болады).

 

— Бұл клиенттеріңіз үшін нені білдіреді?

 

— Бюджеттік қаржыландырумен мемлекеттік жобаларға қатысатын Нурбанк клиенттері цифрлық теңгені алып, қажет болған жағдайда оны «кәдімгі» теңгеге конвертациялай алады. Үдеріс заңды тұлғаларға арналған интернет-банкингте қолжетімді болады.

 

— Клиенттер цифрлық теңге бойынша қандай операциялар жасай алады?

 

— Нурбанк клиенттері цифрлық шот аша алады, цифрлық теңге шотының қалдығын және қозғалысын бақылап, үзінді көшірмелер қалыптастыра алады. Бұдан бөлек, цифрлық теңгені сатып алып немесе сата алады, Нурбанк клиенттеріне немесе өзге банктердің клиенттеріне аударымдар жасай алады. Бір сөзбен айтқанда, цифрлық теңге шотын банктік шот секілді толыққанды басқаруға болады. Толығымен онлайн.

 

Жобадағы қатысуымыз — ұлттық төлем инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесіміз және цифрлық есеп айырысуды барлық клиент үшін қолжетімді әрі ыңғайлы етуге ұмтылысымыз.

 

Дереккөз: https://digitalbusiness.kz/2025-05-21/kak-nurbank-pomogaet-biznesu-rabotat-s-tsifrovimi-aktivami/

 

05.06.2025