
Банк Марко Бланушидің Нұрбанктің акциялар пакетінің 10%-ын не үшін иеленгені туралы сұраққа да жауап берді.
Нұрбанк болашақта атауын өзгерту мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бұл туралы Forbes Kazakhstan басылымына қаржы институтының Басқарма төрайымы Гульнара Мусатаева мәлімдеді.
Ол: «Біз шынымен де ребрендинг жасау мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Қазіргі атауымыз өзімізге ұнайды және оның қалыптасып қойған беделі де мықты, алайда бүгін біз дамудың жаңа кезеңінде тұрмыз. Біздің стратегиямыз ішкі нарық шеңберінен шығып кетті, сондықтан бізді Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерде де қалай қабылдайтыны туралы ойланғанымыз орынды», — деп атап өтті.
Осы орайда, Мусатаева талқылау сыртқы атрибуттарға емес, брендтің мәні мен позициялануына қатысты екенін нақтылады.
«Бұл жай ғана маңдайша немесе логотипті ауыстыру туралы мәселе емес. Бұл — стратегиялық көзқарасқа қатысты мәселе. Біз анағұрлым заманауи, технологиялық модельге бет түзеп келеміз және брендтің осы бағытқа сай болғанын қалаймыз. Қазіргі уақытта 2025–2027 жылдарға арналған транзакциялық бизнес стратегиясы бекітудің соңғы сатысында тұр, ал ребрендинг болса, сол стратегияның логикалық жалғасына айналады», — деп атап өтті Нұрбанк басшысы.
Әзірге жаңа атау берудің нақты мерзімі мен ықтимал нұсқалары жарияланған жоқ.
Ол: «Біз асығыс мәлімдеме жасағымыз келмейді. Бұл тек визуалды емес, банктегі мазмұндық өзгерістерді де көрсететін саналы шешім болуы тиіс», — деп қосты.
Жаңа акционер: ұзақ мерзімді инвестициялар
2025 жылдың ортасында Нұрбанк акционерлерінің құрамына жаңа қатысушы — Марко Блануши қосылды, ол мажоритарлық акционер — «JP Finance Group» ЖШС-дан (соңғы иесі — кәсіпкер Эльдар Сарсенов) 9,98% жай акцияны сатып алды.
Мусатаева жаңа акционердің ағымдағы жылдың екінші тоқсанында келгенін растады, алайда бұл басқару құрылымында ешқандай өзгерістерге әкелмегенін атап өтті. «Ол ірі акционер емес, сондықтан оның келуі банктің басқару жүйесіне әсер еткен жоқ», — деді ол.
Дивиденд төлемейтін банкке жаңа акционердің не үшін қызығушылық танытқаны туралы сұраққа Басқарма төрайымы былай жауап берді: «Мен оның атынан сөйлей алмаймын, бірақ бұл ұзақ мерзімді инвестиция деп ойлаймын. Қазіргі нарықта тұрақты тарихы, беделі кіршіксіз және өсу әлеуеті бар банктер көп емес. Мүмкін, ол осы мүмкіндікті бізден көрген шығар. Нұрбанк нарықта 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді және қазір терең рансформация кезеңінен өтуде. Бұл — болашаққа салынған инвестиция», — деп түйіндеді Мусатаева өз сөзін.
Бірігу де, сату да жоспарланбаған
Қазақстанның банк секторында орын алған консолидация туралы әңгімелер аясында Мусатаева Нұрбанкті сату немесе басқа банктермен біріктіру жоспарда болмағанын атап өтті.
«Біз сату да, бірігу де ойластырып отырған жоқпыз. Бұл мәселе ешқашан талқыланған емес. Банк қаржылық тұрғыдан нық тұр және даму стратегиясын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді», — деді нық сеніммен.
Сонымен қатар Нұрбанк қаржылық технология компаниялармен серіктестік орнату мүмкіндіктерін қарастыруда. Қаржылық институт басшысы: «Қазіргі таңда бірде-бір банк қаржы технологиясыз тіршілік ете алмайды. Біз бұл бағытта жұмыс істеудеміз, АХҚО алаңындағы жобаларға қатысуымыз мүмкін. Әзірге талқылаулар жұмыс тобы деңгейінде жүріп жатыр, дегенмен бұл жаңа стратегия аясындағы қисынды қадам», — деді.
Жаңа стратегия және мемлекеттік қолдау қаржысын қайтару.
Биыл ұсынылған Нұрбанк стратегиясы цифрлық трансформацияға, транзакциялық бизнесті дамытуға және шағын және орта бизнесті қолдауға басымдық береді.
«Жаңа стратегия бойынша біз ШОБ басымдығын күшейтеміз. Бұрын корпоративтік бизнестің үлесі шамамен 60% болса, енді кәсіпкерлерді қолдауға көбірек көңіл бөлеміз», — деді.
2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Нұрбанктің таза пайдасы шамамен 11,3 миллиард теңгені құрады — бұл өткен жылдың деңгейімен шамалас. «Нарық оңай емес, бірақ біз тұрақты динамика көрсетіп отырмыз. Біз күрделі жолды өттік: балансты тазарттық, позициямызды нығайттық, басқарудың жаңа стандарттарына көштік. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, ресурстарды дамуға бағыттап жатқандықтан, дивиденд төлемейміз. Бұл — ойластырылған саясат», — деп түсіндірді Мусатаева.
Оның айтуынша, Нұрбанк мемлекеттік қарызды мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігін қарастырып жатыр, алайда нақты мерзімдер әзірге белгіленбеген.
Банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында Нұрбанкке алты банктің қатарында 46,8 миллиард теңге сомасында тәртіптелген облигациялары сатып алу жолымен мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгенін еске сала кетеміз.
Дереккөз: https://forbes.kz/articles/nurbank-rassmatrivaet-vozmozhnost-rebrendinga-06b808