Дроппер

Жаңа алаяқтық түрі — дропперлік

Көпшілік «дроппер» деген сөзді естіген шығар, ал кейбіріңіз бұл туралы алғаш рет біліп отырған боларсыз. Дегенмен бұл туралы білу өте маңызды, себебі бұл – жаңа әрі қауіпті алаяқтық түрі. Оның негізгі нысанасы – көбінесе ақшаға мұқтаж қарапайым азаматтар. Олар байқамай қылмысқа сыбайлас болып қалуы мүмкін. Осындай адамдарды «дроппер» деп атайды.

Адам заңсыз әрекетке қатысып жатқанын білмесе де, бұл қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Алаяқтардың қолындағы құралға айналып кетпеу үшін төмендегі ақпаратпен танысыңыз.

Алаяқтар қалай әрекет етеді?

Олар сізді «көмектесуге» көндіру үшін шынайы көрінетін түрлі оқиғалар ойлап табады.

Интернеттегі оңай табыс. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тез әрі оңай ақша табуды ұсынады. Тек өз банктік шотыңыз арқылы транзакциялар жүргізуге рұқсат берсеңіз болғаны — сіз қылмыстық схемаға тартылып кетесіз.

Банкомат жанындағы «көмек». Егер банкоматтың жанында бейтаныс адам сізден өз картасы арқылы ақша шешіп беруді сұраса, бұл алаяқтық схемаға тарту әрекеті болуы мүмкін.

Қате аударым. Кейде картаңызға «қателесіп» ақша аударып, кейін оны басқа картаға қайтаруды сұрауы мүмкін. Мұндай жағдайда ақшаны жұмсамаңыз және аудармаңыз. Бірден банкке хабарласып, оның нұсқаулығын орындаңыз.

Күмәнді өтініштер. Сізге белгісіз нөмірден немесе танысыңыздың атынан хабарласып, сыйақы үшін өз атыңызға банктік карта ашып, оны курьерге беруді сұрауы мүмкін. Әдетте алаяқтар сенімге кіру үшін түрлі дәлелдер келтіреді. Себептері әртүрлі болуы мүмкін — «карта бұғатталды» немесе «қиын жағдайға тап болдым» деген сияқты.

Қауіпсіздік үшін ұсыныстар

  • Банктік картаңыздың деректерін ешкімге айтпаңыз

  • Банктік картаңызды үшінші тұлғаларға бермеңіз

  • Бейтаныс адамдардың өтініші бойынша ақша аударуға келіспеңіз

  • Бейтаныс адамдар сұраса, «қате» аударылған ақшаны қайтармаңыз

  • Күмәнді өтініштер туралы банкке және полицияға хабарлаңыз

  • Күмәнді жұмыс ұсыныстары мен хат алмасулардың скриншоттарын сақтаңыз

Еске саламыз: Қазақстанда 2025 жылдан бастап дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Ол айыппұлдан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қамтиды.

Өзіңізді және қаржыңызды қорғаңыз!