
Қазақстандық кәсіпкер Эльдар Сарсеновтың бақылауындағы Нұрбанк мемлекетке 4,5 миллиард теңгені қайтарады. Банк банктік сектордың қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында шығарылған облигацияларды сатып алады. Бұл туралы банктің хабарламасында айтылған.
Банк ISIN KZ2C00006070, сауда коды NRBNb16, саны — 4,5 млн данадағы, номиналдық құны — 1000 теңге болатын, жылдық мөлшерлемесі — 4%-ды құрайтын тәртіптелген купондық облигацияларды мерзімінен бұрын сатып алып, купондық сыйақысын төлейді. Осыдан кейін Нұрбанктің мемлекет алдындағы қарызы 42,3 миллиард теңгені құрайды.
2025 жылдың тоғыз айындағы Ұлттық банктің статистикасына сәйкес Нұрбанк 11,3 миллиард теңге көлемінде таза пайда тапқан. ЕДБ 549,5 миллиард теңге көрсеткішімен Қазақстанның банк секторындағы 23 қаржылық институттардың ішінде активтер көлемі бойынша 15 орында тұр. Несие портфелі 362,5 миллиард теңгені құрайды. Міндеттемелері — 473,8 миллиард теңге. Жеке тұлғалардың депозиттері 158,5 миллиард теңге, заңды тұлғалардың депозиттері 229,6 миллиард теңге. Меншікті капиталы — 75,6 миллиард теңге.
Қазақстандық кәсіпкер Эльдар Сарсенов Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер рейтингінде 39-орында тұр. Ол «JP Finance Group» ЖШС-іне иелік етеді, бұл компания Нұрбанктің 77,88% акциясына ие. Өзге акционерлер қатарында: «JA COLLECTION COMPANY» ЖШС — 5,97%, Марко Блануша — 9,98%.
Банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы 2017 жылы іске қосылды. Бұл — елдің банк жүйесін тұрақтандыруға және сауықтыруға бағытталған мемлекеттік бастама. Бағдарлама қаржылық дағдарыстар жағдайында ірі банктердегі ахуалдың одан әрі нашарлауына жол бермеу, салымшылар мен бизнестің қаражатын сақтау, сондай-ақ қаржы секторына деген жалпы сенімді арттыру мақсатында жүзеге асырылды.
Бағдарлама аясында 2025 жылдың 7 наурызы күнгі жай-күй бойынша қазақстандық бес банк мемлекетке 1,4 триллион теңге қарыз екені хабарланған. Halyk Bank мемлекеттік көмекті толықтай қайтарды. Сондай-ақ жуырда Владимир Кимге тиесілі Bank RBK де мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын толық қайтаратыны белгілі болды.
Дереккөз: https://kz.kursiv.media/2025-11-27/dnlt-yesche-odin-bank-v-kazakhstane-vernet-gospomosch/