2016 жылғы 26 шілдедегі № 11-VI «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы осы жылдың 10 қыркүйектен бастап күшіне енді, оған сәйкес 2013 жылғы 14 қаңтардағы № 67-V «Мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтаушы салым шарттары бойынша банктік шоттардағы клиенттердің ақшаларын өндіріп алуға жол берілмейді.
Анықтама үшін:
Мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі аясында Қазақстан Республикасының азаматтары кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға төлем жасау үшін пайдаланылатын ұзақ мерзімді салым аша алады.
Бұл салым бойынша банктік сыйақы (14%) және жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы (5-7%) есептеледі. Мемлекеттік сыйақы мөлшері – жылына 5% болса, басым санаттағы балалар: жетім балалар, мүгедек балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін – жылына 7% құрайды.
Бала мемлекеттік білім грантын алған кезде барлық жинақталған қаражат салымшының толық иелігіне өтеді.