Қазақстандағы алғашқы синдикат шартына қол қойылды

Қазақстандағы алғашқы синдикат шартына қол қойылды

«Қазақстан Даму Банкі» АҚ (ҚДБ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) «Нұрбанк» АҚ және «Банк ЦентрКредит» АҚ бірлесе синдикатталған қарыз шартын жасады. Қаражат сусындар өндіруші ірі компания «RG Brands Kazakhstan» ЖШС-не өндіріс қуатын арттыру және өнім экспортын Өзбекстан нарығына ұлғайту үшін беріледі. Бұл ҚДБ-ның екінші деңгейлі Қазақстан банктерімен серіктестік жасаған алғашқы синдикатталған қарыз шарты екені аталып өтті. «Банк ЦентрКредит» АҚ синдикат аясында транш шығаруды жүзеге асырған және синдикаттағы барлық кредиторлардың мүдделерін қорғайтын банк-агент рөлін қабылдаған Қазақстандағы алғашқы банк болды.

«Синдикатталған қарыздар бізге бірден екі мақсатқа жетуге мүмкіндік береді. Бір жағынан, біз өңдеу өнеркәсібі саласындағы қарыз алушыларымызға қол жетімді шарттармен ұзақ мерзімді қаржыландыру базасын кеңейтеміз, екінші жағынан – нақты экономика секторындағы ірі жобаларды несиелеуге көбірек жеке қаржы институттарын тартамыз», – деп түсіндірді ҚДБ басқарма төрағасы Марат Елибаев.

«Банк үшін басты басымдық экономикадағы нақты секторды қолдау болып табылады. Сол себепті біз осы бастамаға қатысуға шешім қабылдадық. БЦК командасы Қазақстанда алғаш рет синдикатталған қаржыландыру шеңберінде әкімшілік қызмет көрсету қызметін ұсынатын өнімді әзірледі. Біз дамып, мүмкіндіктерімізді кеңейтіп, мұндай келісімдерде банк-агент қызметтерін көрсетуге дайынбыз», – деп атап өтті «Банк ЦентрКредит» АҚ вице-президенті Нурлан Шегебаев.

«Нұрбанк бизнестің, өнеркәсіптің және, тиісінше, мемлекеттің бүкіл экономикасының өкілдері үшін синдикатталған қарыз механизмі тиімділігі мен маңыздылығын жоғары бағалайды. Мұндай қаржылық ынтымақтастық нақты экономика секторына кредит беру көлемін арттырып қана қоймай, сонымен қатар клиенттерге барынша қолайлы жағдайларды ұсынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз ҚДБ және Банк ЦентрКредитпен синдикатталған қаржыландыру бағдарламаларын жүзеге асыру аясында ынтымақтастық мүмкіндігін жоғары бағалаймыз», – деп мәлімдеді Нұрбанк басқарма төрағасы Гульнара Мусатаева.

«Синдикатталған қарыз барлық қатысушылардың нақты және үйлесімді жұмысының арқасында сәтті жүзеге асырылды. RG Brands, Банк ЦентрКредит, Қазақстан Даму Банкі және Нұрбанк командаларының бірлескен жұмысының арқасында жаңа қаржыландыру құралына қазақстандық бизнес қауымдастығы қол жеткізе алды. Синдикат бизнесті дамытуға және ұлттық экономиканы жалпы қолдауға қосымша мүмкіндіктер береді. Осы жобаның жүзеге асырылуы RG Brands компаниясының Қазақстандағы өндіріс қуатын арттыруға және өнім экспортық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді RG Brands қаржы директоры Тимур Жангужанов.

2023 жылдың желтоқсан айында Даму Банкі, «Нұрбанк» және «Банк ЦентрКредит» бірлескен несиелеу бойынша ниет келісіміне қол қойғанын еске саламыз. Қаражат қарыз алушы тарапынан жаңа жоғары технологиялы өндірістік желілерді сатып алу, өндірістік цехты кеңейту және өнім экспортын Өзбекстан Республикасына ұлғайту мақсатында пайдаланылмақ.

Жалпы қаржыландыру көлемі 26,5 млрд теңгені құрайды, оның 12,5 млрд өндірістік қуаттарды кеңейтуге және 14 млрд экспорт алдындағы қаржыландыруға арналған. Өндірістік қуаттың ұлғаюы кезең-кезеңімен жүзеге асқанда, шырындар, шайлар, газдалған және газдалмаған сусындар өндірісі бұрынғыдан екі есеге ұлғаймақ. Бұл ішкі өндіріс пен сусындар экспортын арттыруға ғана емес, сонымен қатар қазақстандық мамандарға арналған жаңа жұмыс орындарын құруды қолдауға мүмкіндік береді.

Дереккөздер: https://kapital.kz/finance/125697/podpisan-pervyy-v-kazakhstane-dogovor-o-sindikate.html

https://www.inform.kz/ru/podpisan-perviy-v-kazahstane-dogovor-o-sindikate-a1e05e

14.05.2024