Эльдар Сарсенов JP Finance Group компаниясындағы қатысу үлесінің 100%-ын сатып алады. Компания «Нурбанк» акциясының 87,87%-на ие, деп хабарлайды Liter.kz.
ҚР қаржы нарығын реттеу және қаржылық ұйымдарды қадағалау агенттігі Эльдар Сарсеновке «Нурбанктың» ірі қатысушысы мәртебесін алу үшін келісім берді. Енді ол JP Finance Group-тағы қатысу үлесінің 100%-ын, банктің 87,87% акциясына ие болатын топты сатып алады.
Эльдар Сарсенов «Нурбанктың» басқарма төрағасы қызметінен кетуі қажет. Бұған дейін банктің иесі оның әкесі – Рашит Сарсенов болған.
2021 жылғы қыркүйекте S&P Global Ratings халықаралық агенттігі «Нурбанктың» ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредит рейтингтерін «B-/B» деңгейінде және банктің ұлттық шкала бойынша ұзақ мерзімді рейтингін «kzBB-» деңгейінде растады. Болжам – «Тұрақты».
S&P Global Ratings сарапшыларының айтуынша, бұл шешім банктің активтерінің сапасын біртіндеп жақсарту, мемлекет пен меншік иесінің қолдауы аясында қабылданған. Болжам – S&P Global Ratings-тің банктің активтер сапасын біртіндеп жақсартып, бизнесді дамытуға қажетті капитал көлемін ұстап тұрады деген үмітін көрсетеді. Рейтингілік агенттік «Нурбанктың» тұрақты қаржыландыру профилін және жеткілікті өтімділік қорын ұстап тұратынын күтеді.
2021 жылғы 1 қыркүйек жағдайында банк екінші деңгейлі банктерге арналған нормативтерді толығымен орындайды. Банктің әрекеттерінде банктік заңнаманы бұзу жоқ, – делінген агенттік сайтында.
2020 жылғы наурызда «Нурбанк» банктік сектордың қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасының қатысушысы болды. Бағдарлама аясында банктің капиталы 20 миллиард теңгеге ұлғайтылды.
Агенттікте 2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында банктің қызметі табысты деп мәлімдейді. Банктің активтері 448,2 миллиард теңгеге жеткен, бұл 2020 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4,8%-ға артық. Банк активтер сапасын жақсарту жұмысын бағдарламаның шаралар жоспары аясында жалғастырып отыр.
Ranking.kz сайтының мәліметінше, 2020 жылы шығынды болған үш банктің бірі – «Нурбанк».
Дереккөз: Литер