VISA компаниясының жаңа технологиясын енгізу арқылы, төлемдер сатып алушы мен сатушының телефондарын пайдалана отырып жүзеге асқан кезде, дәстүрлі POS-терминалдар артта қалуы мүмкін. ҰКП "Атамекен" бұл технологияға сауда субъектілерінің қызығушылығы болған жағдайда перспектива бар деп санайды. Қазақстандық банктер бұл қызметті Қазақстанда енгізуді құптайды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 195-бабына сәйкес, сауда қызметін жүзеге асыруда, жұмыстарды орындауда немесе қызметтер көрсетуде төлем карточкаларын қабылдау талап етілетін жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға төлемдерді қабылдауға арналған жабдықтар (құрылғылар) болмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік ескерту түрінде қарастырылған.
Және бір жыл ішінде осы іс-әрекетті қайта жасаған кезде шағын бизнес субъектілеріне 40, орта бизнес субъектілеріне 60, ірі бизнес субъектілеріне 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (1 АЕК 2269 теңгеге тең) айыппұлдар қарастырылған. Бүгінгі күні POS-терминалдардың бағасы мақсаттары мен қызмет түріне қарай 20 мыңнан бастап (шағын бизнеске арналған MiniPOS) 400 мың теңгеге дейінгі аралықта ауытқиды.
ҰКП «Атамекен» деректеріне сәйкес, Ұлттық банк деректері бойынша 2017 жылғы 1 мамырға Қазақстан Республикасында қолданыстағы POS-терминалдар саны 117 038 дана, оның ішінде сауда кәсіпорындарында 108 055, банктерде 8 983 дана болған. 2016 жылғы 1 мамырда Қазақстан Республикасында қолданыстағы POS-терминалдар саны 89 273 дана болған, оның ішінде сауда кәсіпорындарында 81 735, банктерде 7 538 дана. Осылайша, бір жыл ішінде қолданыстағы POS-терминалдар саны 31,1%-ға өсті.
Төлемдердегі жаңа революция
Енді VISA компаниясының жаңа технологиясын енгізу арқылы POS-терминалдар қажетсіз темірлерге айналуы мүмкін. Алдыңғы қатарлы технология төлем оперцияларынан дәстүрлі POS-терминалды алып тастауды қамтамасыз етеді. Барлық төлемдер екі телефон арқылы жүзеге асырылады, бірі кәсіпкерге, екіншісі клиентке тиесілі.
Төлем инициациясы сауда нүктесіндегі арнайы QR-код арқылы жүзеге асырылады. Клиент кәсіпкердің телефонынан немесе басқа сандық немесе қағаз тасымалдағыштан кодты сканерлеуі керек. Транзакция сомасы жеке енгізілуі мүмкін немесе алдын ала QR-кодта көрсетілуі мүмкін. Содан кейін клиент төлем жасайды, ал сатушы өз телефонына төлемді растауды алады. Қазір mVisa технологиясы украиндық банктермен тестіленуде.